Акцияларға инвестициялау

19.01.2023

 

 

 

 

- Қайырлы күн, Темірлан, біздің оқырмандарға акцияларға инвестиция салу туралы айтып берсеңіз?

 

- Қайырлы күн, құрметті оқырмандар! Акцияларға инвестиция салу туралы айтпас бұрын, қаржы құралының өзіне аздап тоқталу керек. Инвестициялар тартудың көптеген жолдары бар және акциялардың эмиссиясы солардың бірі болып табылады. Акция - бұл эмитент капиталды тарту мақсатында шығаратын бағалы қағаз. Сондай-ақ акцияларға иелік ету компанияны басқаруға қатысу құқығын, дивидендтер алу құқығын, компания таратылған жағдайда мүліктің бір бөлігін алу құқығын береді.

 

Дивидендтер төлеу және акционерлік қоғамды басқаруға қатысу тетігіне сәйкес акциялар артықшылықты және жай акциялар болып бөлінеді. Артықшылықты акцияларға иелік ету дауыс беру құқығын көздемейді, бірақ меншік иесі кепілдендірілген дивидендтер алуға құқылы, сондай-ақ фирма таратылған жағдайда оның мүлкінің бір бөлігін алған кезде, артықшылықты акциялардың иелері жай акциялардың иелерімен салыстырғанда басым жағдайда болады. Бұл ретте артықшылықты акцияларды ұстаушыларға дейін фирма өз қарыздарын төлеуі тиіс, яғни облигация ұстаушылар жоғары басымдыққа ие.

 

- Темірлан, Сіз дивиденд жайлы атап өттіңіз. Сіз оларға толығырақ тоқталып, акциялардың қалған негізгі құрамдастары туралы айта аласыз ба?

 

- Дивидендтер - бұл акционерлер арасында олардың акцияларына пропорционалды түрде бөлінетін компания пайдасының бөлігі. Дивидендтер төлеу мөлшері туралы шешім акционерлердің жалпы жиналысында қабылданады. Дивидендтерін үнемі төлейтін және көтеретін, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы бір реттен сирек емес төлейтін бірқатар компанияларды дивидендтік ақсүйектер деп атайды.

 

Акцияларға инвестициялау акционердің жауапкершілігін шектеуді білдіреді. Акция иелері акционерлік қоғам қабылдаған міндеттемелер бойынша жауап бермейді. Яғни, егер инвестор қарыздарын өсірген және қазір олар бойынша төлеуге қабілетті емес компанияның акцияларына иелік етсе, онда ешкім акционерден осы қарызды төлеуді талап ете алмайды. Сондықтан инвестордың шығындары оның акцияларды сатып алуға жұмсаған сомасын ғана құрайды.

 

Келесі аспект - акциялардың сплиті және шоғырлануы. Сплит (топтап бөлу) бұл бөлшек инвесторлар үшін қағаздардың өтімділігін арттыру үшін бір акцияны бірнеше акцияға бөлу тәсілі: мұндай бөлуден кейін, мысалы, 100 000 теңге нарықтық бағасы бар бастапқы акция 10 есе арзан тұрады. Бұл инвесторлардың бір бөлігіне бұрын олар үшін тым қымбат болған акцияларды сатып алуға, ал басқа нарық қатысушыларына, керісінше, пакеттің бір бөлігін сатуға, бірақ қағазды портфельде сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай рәсім шеңберінде компанияның барлық акцияларының жалпы номиналы өзгермейтінін, сондай-ақ әр иесінің шоттарындағы компанияның меншік үлесі өзгермейтінін нақтылау қажет. Акцияларды шоғырландыру - бұл сплитке кері рәсім. Әдетте, бұл биржада сауда-саттыққа жіберілген қағаздың ең төменгі құнына қойылатын талап болған жағдайда қажет болады. Егер компанияның қағаздарының құны аз шаманы құраса, онда эмитент маркет-мейкерлердің қызметіне жүгінуге және құнын көтеруге мәжбүр болады немесе жай акцияларды шоғырландыруды жүзеге асыра алады ($1 құны бар 100 акцияның орнына әр акция иесі құны $100 болатын 1 акцияны алады).

 

- Ал егер инвестор акцияларды сатуды шешсе, онда ол дивидендтер алу мүмкіндігінен айырыла ма?

 

- Иә, инвестор акцияларды сатқаннан кейін дивидендтер алуды тоқтатады, бірақ сату арқылы ол акциялар құнының өсуінен кіріс ала алады.

 

- Мұндай жағдайларда шығындар болуы мүмкін бе?

 

- Иә, егер сатып алғаннан кейін акция бағасы төмендесе. Акциялардың кірістілігі жоғары, сонымен қатар облигацияларға қатысты тәуекелді әрі құбылмалы актив екенін нақты түсіну қажет. Бұл ретте акциялар тәуекел дәрежесі және тиісінше ықтимал кірістілік бойынша да жіктеледі.

 

- Темірлан, қазіргі уақытта қор нарығында қандай үрдістерді байқауға болады?

 

- Пандемиядан кейін бірқатар елдерде экономиканы ынталандыру мақсатында жүргізілген бұрын-соңды болмаған ауқымды сандық жұмсарту жаһандық инфляцияның өсуіне әкелді. Бұған қоса, 2020-2021 жылдардағы жаһандық жеткізу тізбегінің бұзылуы, сондай-ақ өткен жылдың ақпан айында геосаяси тәуекелдердің жүзеге асуы инфляциялық қысымның күшею факторларна айналды. Инфляцияның өсуі мен үдеуі әлемдік орталық банктерді 2022 жылы монетарлық саясатты қатаңдатуға көшуге мәжбүр етті.

 

Осылайша, мысалы, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі 2022 жылы мөлшерлемені 0-0,25%-дан 4,25-4,5%-ға дейін 4,25 пайыздық тармаққа көтерді. Монетарлық саясаттың қатаңдауы жағдайында акциялар, әдетте, қысымға ұшырайды, бұл бүгінгі күні де байқалуда. Осылайша, S&P 500 индексі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 19,4%-ға, NASDAQ – 33,1%-ға, STOXX Europe 600 – 12,9%-ға, Shanghai composite index – 15,1% ға, NIKKEI – 9,4%-ға төмендеді.

 

Сондай-ақ, ақша-кредит саясатын қатайту орталық банк балансты қысқартатын немесе қолда бар бағалы қағаздарды сататын сандық қатайтуды жүргізуден көрінеді. Мысалы, 2022 жылы ФРЖ өзінің балансын 414 миллиард долларға қысқартты. 525,5 миллиард долларлық жоспар толық орындалмағанына қарамастан, сандық қатайту акциялар нарығына қысым жасады.

 

- Темірлан, акцияларға инвестициялау туралы шешім қабылдаған кезде бүгін инвесторға тағы неге назар аударуға кеңес бересіз?

 

- Іргелі талдау факторлардың кең жиынтығын ескере отырып, олардың негізгі қасиеттеріне сүйене отырып, қаржы құралдарының құнын бағалау тәсілі болып табылады. Оның мақсаты - іргелі факторлар бойынша «арзан» немесе «қымбат» тұратын бағалы қағаздардың құнын анықтау. Компаниялардың қаржылық есептілігін зерттеу және компанияның мультипликаторларын салыстыру relative value деп аталады, сонымен қатар ақша ағындарын дисконттаудан тұратын free cash flow әдісін бөліп көрсетеді.

 

Техникалық талдау баға қозғалысының статистикалық заңдылықтары негізінде активтің қозғалыс бағытын анықтауға ұмтылудан тұрады. Бұл инвестор позицияға кіру нүктесімен анықталған кезде пайдалы, бірақ инвестициялық шешім қабылдаған кезде іргелі талдау жасау керек.

 

Инвестициялаудың мақсаттары мен көкжиегін дұрыс анықтау стратегияны қалыптастыруға көмектеседі. Сондай-ақ, компанияның даму жоспарларын және оның менеджментін зерттеуге назар аударған жөн.

 

- Темірлан, осындай қызықты және жан-жақты сұхбат үшін рахмет. Біздің оқырмандар үшін бұл ақпарат пайдалы болады деп үміттенеміз. Сіздің қызметіңізге сәттілік тілейміз!

 

- Сізге де рахмет!

Артқа
Қазақстан, Астана қ.,
Z05T8F6, Мəңгілік Ел даңғылы, 57А
© 2012-2023 NIC NBK.