Баламалы активтер классының Оңтүстік-Шығыс Азия аймағы шеңберіндегі тартымдылығы
28.04.2023
- Қайырлы күн, Әлия, уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет. Қызықты тақырып. Ең алдымен, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері аймағына және оның ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.
- Қайырлы күн! Иә, әрине. Оңтүстік-Шығыс Азия әлемдік экономика, сауда мен геосаясаттың дамуында шешуші рөл атқаратын маңызды стратегиялық аймақ. Естеріңізге сала кетейін, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы (АСЕАН) 1967 жылы Бангкокта құрылды. Бастапқыда АСЕАН-ға Малайзия, Индонезия, Таиланд, Филиппин және Сингапур кірді. Кейінірек ұйымға Лаос, Бруней-Даруссалам, Камбоджа, Вьетнам және Мьянма тәрізді басқа елдер қосылды. Айта кетсек, қазір АСЕАН аумағында тұратын халықтың үлесі бүкіл әлем халқының шамамен 9%-ын құрайды. 2021 жылдың соңында өңір аумағындағы халық саны шамамен 633 млн адамға жетіп, Еуропалық одақ (447 млн) пен АҚШ (332 млн) аумағында тұратын халық санынан бір жарым-екі есе дерлік асып түсті. Экономикалық өсу тұрғысынан Оңтүстік-Шығыс Азия аймағы әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі болып табылады,. 2022 және 2023 жылдары АСЕАН ЖІӨ нақты өсімі тиісінше шамамен 5.7% және 4.6%-ды құрайды деп күтілуде. Салыстыратын болсақ, сол кезеңде әлемдік ЖІӨ нақты өсімі сәйкесінше 3.4% және 2.8%-ға болады деп болжануда. Ұйымның негізгі өсуін Вьетнам, Тайланд, Малайзия, Индонезия және Филиппин мемлекеттері қамтамасыз етеді. Айта кетейік, АСЕАН үлесіне әлемдік ЖІӨ-нің 3.5%-ы тиесілі. Жалпы, Оңтүстік-Шығыс Азия салыстырмалы түрде макроэкономикалық тұрғыдан тұрақты өңір. Сонымен қатар, өңір әлемдегі ең ірі экспорттаушылардың бірі және жаһандық тікелей шетелдік инвестициялар орталығы болып келеді. Мысалы, аймақтың үлесіне әлемдік сауданың 7.8%-ы және тікелей шетелдік инвестициялардың жаһандық үлесінің 10%-ы тиесілі. Негізі, АСЕАН елдерінің әрқайсысы саланың белгілі бір санатында маманданған. Егер Сингапурда қаржылық қызметтер, фармацевтика, жартылай өткізгіштер және серпінді технологиялар салалары белсенді дамыса, Малайзия мұнай өнімдерінің, табиғи газдың, дайын автомобиль, чиптерінің, тоқыма және пальма майының негізгі экспорттаушысы болып табылады. Ал Вьетнам өндіріске кәсіптеніп, әлемдік нарықтарға тұтынушылық электроника мен жартылай өткізгіштерді экспорттауда. Бұған қоса, Вьетнамда Тайландтағыдай экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін туризм саласы қарқынды дамуда. Индонезия болса әлемдегі ең ірі пальма майы, көмір мен болат өнімдерін экспорттаушы мемлекет. Бұдан басқа, елде шикізат секторында, атап айтқанда никель саласында инвестициялардың өсуі байқалады. Соның нәтижесінде, никельдің әлемдік қорының 22%-ы шоғырланған Индонезия 2021 жылы никельден әлемдік өндірістің 37%-ын қамтамасыз етті. Соңғы жылдары Қытай АСЕАН елдерімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, ұйымның негізгі сауда және экономикалық серіктесі ретіндегі мәртебесін сақтауда. Айта кетсек, Қытай мен ұйымға мүше елдердің бірқатар салаларында бірін-бірі толықтыру үрдісінің әрі қарай дамуы үлкен әлеуетке ие. Қытайдың АСЕАН экономикасындағы ықпалы да артып келеді. 15 жылдан аз уақыт ішінде Қытай АСЕАН елдерінен импорт көлемі бойынша АҚШ-тан озды, Қытайдың ұйымның жалпы экспортындағы үлесі 2007 жылғы 9%-дан 2022 жылы 16%-ға дейін өсті. 2021 жылдың соңғы деректері бойынша Қытайға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі ($273 млрд) АСЕАН мемлекеттерінің көрсеткішінен әлдеқайда жоғары ($174 млрд). Дегенмен АСЕАН Қытайдан кейін дамушы аймақтар арасында тікелей шетелдік инвестициялардың балама орталығы болып табылады. АСЕАН әлемдік экономиканы қалпына келтіруде маңызды рөл атқарады деп күтілуде.
- Қазіргі нарықтық жағдайда Оңтүстік-Шығыс Азияға инвестиция салудың қандай артықшылықтары мен аймақтағы үрдістерді сипаттай аласыз?
- Байқағанымыздай, макроэкономикалық және геосаяси факторлар жаһандық нарықтар мен әлемдік экономикалық өсуге айтарлықтай әсер етеді. Нарықтардағы жағымсыз сыртқы факторлар мен құбылмалылыққа қарамастан, АСЕАН инвестициялық әлеуеті жоғары. Жалпы, Азия өңірінің экономикалық өсуіне жеке тұтыну ментуризмнің өсуі, орта таптың ұлғаюы, сондай-ақ өңірдің жеделдетілген урбандалуы себеп болды. McKinsey&Company консалтингтік агенттігінің болжамы бойынша, алдағы онжылдықта Азия нарықтарындағы тұтыну көлемі $10 трлн-ге жетеді. 2000 жылы Азия халқының сатып алу қабілеті төмен болуына байлансыты шамамен 530 млн адам ғана (халықтың 15%-ы) тұтынушылар қатарынан табылса, 2030 жылға қарай бұл қатар 3 млрд адамға (халықтың 70%) толады деп болжануда. Қазіргі уақытта АСЕАН тұтыну нарығының көлемі $1.2 трлн құрайды, бұл Үндістан (9 938 млрд) және Оңтүстік Корея (5 590 млрд) тұтыну нарықтарының көлемінен асып түседі. Айта кету керек, АСЕАН орта табына өзіндік әлеуметтік және мәдени-экономикалық сипаттамалары бар, табысы жоғары халық жатады. Қорытындылай келе, озық үрдістері бар құрылымдық салалар – өндірістік орталықтар, цифрлық технологиялар, энергетикалық сектор, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын агроөнеркәсіптік кешен – болашақта өңірдің экономикалық өсуіне негіз болып, блок елдеріне инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
- Баламалы активтер класстарына инвестиция салуда Оңтүстік-Шығыс Азия аймағының негізгі рөлі қандай?
- Азия-Тынық мұхиты аймағы әлемдік жеке капитал нарығының төрттен бірінен астамын құраса, мәмілелер саны бойынша Оңтүстік-Шығыс Азияның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы үлесі ең жоғары. Сонымен қатар, Сингапур, Индонезия және Вьетнамда электрондық коммерция, логистика және технология сияқты секторлардағы мәмілелердің жалпы құны мен санының өсуі байқалады. Аймақтың инвестициялық тартымдылығы цифрлық технологиялардың дамуымен, халықтың және жеке тұтынудың өсуімен түсіндіріледі. Азия-Тынық мұхиты аймағында жеке капитал қорының менеджерлері негізінен «капиталдың өсуі» стратегиясына маманданғанын атап өткен жөн. Бұл стратегия жеке капитал қорларының стратегияларының спектрінде венчурлық қаржыландырудың соңғы сатысы мен қарыз қаражатын (LBO) пайдаланатын тікелей инвестициялар стратегиясы арасында орналасқан. Нақтырақ айтсақ, «капиталдың өсуі» стратегиясының негізгі мақсаты - венчурлық кезеңнен өтіп, жаңа нарықтарға шығуды, қызмет ауқымын кеңейтуді немесе қайта құрылымдауды қажет ететін компаниялардың миноритарлық үлесін сатып алу. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы «капиталдың өсуі» стратегиясы бойынша мәмілелердің жалпы үлесі 2022 жылы 63%-ды құрады. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жеке капитал қорларының нысаналы секторлары – цифрлық экономиканың дәстүрлі секторлары: электрондық коммерция, көлік, онлайн-саяхат, медиа және әлеуметтік желілер, сондай-ақ онлайн-төлемдер мен қаржылық қызметтер. Сонымен қатар, медициналық және білім беру технологиялары, бағдарламалық жасақтама сияқты жаңа салаларға да капитал құыйлуда. Цифрлық экономиканың өсу қарқыны алдағы үш жылда орта есеппен 20%-ды құрайды деп болжануда, ал нарықтың жалпы көлемі 2022 жылы $200 млрд-тан 2025 жылы $330 млрд-қа дейін артады деп күтілуде. Айта кету керек, венчурлық капитал нарығы Азия-Тынық мұхиты аймағында да маңызды рөл атқарады. «Unicorns» саны - $1 млрд астам бағаланған стартаптар – аймақтағы соңғы бес жылда төрт есе өсті. Мәселен, 2021 жылы Азия-Тынық мұхиты аймағы әлемдегі «unicorns» жалпы санынан 50%-дан астамын құрады. Азия-Тынық мұхиты аймағындағы венчурлық нарықтағы мәмілелердің жалпы көлемінде Оңтүстік-Шығыс Азияның үлесі 2016 жылғы 4%-дан 2022 жылы 14%-ға дейін ұлғайды. Болашақта венчурлық қорлардың 80%-дан астамы жаңа салаларға инвестиция салуға маманданады. Инвестициялық әлеуеттен басқа, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы M&A нарығында жоғары белсенділік байқалады. M&A нарығындағы мәмілелердің үлесі аймақтағы мәмілелердің жалпы санынан шамамен 56%-ға жетті. Мысалы, Индонезиядағы мәмілелердің көлемі Қытайдағы көрсеткіштен екі есе көп.
- Бұл ретте өңірге инвестиция салудың негізгі тәуекелдері қандай?
- Әлемдік сұраныстың төмендеуі, туризмнің құлдырауы және шикізаттың әр түрлеріне бағаның құбылмалылығы қысқа мерзімді перспективада Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің экономикалық өсу қарқынына әсер етуі мүмкін. Әлемдегі инфляция және жоғары пайыздық мөлшерлемелер тұтынушылардың сұранысын, төмендетуі мүмкін. Мәселе, әсіресе, цифрлық экономиканың негізі болып табылатын дискрециялық салаларға ауыр тиюі мүмкін. Сондай-ақ, аймақтың экономикалық дамуының бірдей емес екенін атап өткен жөн. Мысалы, Камбоджаның жан басына шаққандағы ЖІӨ 2021 жылы тек $1 625 құраса, Сингапурдағы бұл көрсеткіш – $72 795. Бұған қоса, АСЕАН экспорты ұйымның негізгі сауда серіктесі Қытайдың тұтынушылық сұранысына байланысты. Сондықтан, жаһандық экономика жүйесіндегі позицияларды нығайту мақсатында АСЕАН маңызды стратегиялық әріптестермен экономикалық байланыстарды кеңейту үстінде. Экономикалық серіктестік аясында АСЕАН мүшелері басқа Азия елдерімен тығыз жұмыс істейді. Мысалы, 2020 жылы Азия-Тынық мұхиты аймағының 15 елі – АСЕАН мен Австралияға қатысушы 10 ел, Қытай, Жапония, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Корея – Аймақтық жан-жақты экономикалық серіктестік (АЖЭС) деп аталатын еркін сауда туралы келісімге қол қойды. Болжам бойынша сауда келісімі 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ көлемін жыл сайын $200 млрд-ға ұлғаюына сеп болады. Ұзақ мерзімде АСЕАН логистикалық орталыққа айналып, әлемдік деңгейде жеткізу тізбегін әртараптандыруға мүмкіндік бере алады. Соңғы 10 жылда инвестиция көлемінің екі есе артуына шикізаттың қолжетімділігі, инвестициялық ынталандыру, білікті жұмысшы кадрлардың болуы және сауда келісімдерінің іске асуы себепші болды.Қорытындылай келе, 600 млн астам адам тұратын АСЕАН-ның экономикалық дамуын халық табысының өсуі қаматамасыз етіп отыр. Болашақта инвестициялар мен халық табысының тұрақты өсуі ішкі нарықтағы тұтынуды ынталандырыды деп күтілуде. Геосаяси шиеленістің артуы, Қытайдағы жұмыс күшінің қымбаттауы және жеткізу тізбегінің бұзылуы, Оңтүстік-Шығыс Азияның жаһандық логистика мен өндіріс тізбегінің маңызды орталығына айналуына ықпал етеді.
-Әлия, қызықты әңгіме үшін рахмет. Сіздің жұмысыңызға сәттілік тілеймін!