Кешенді стратегияларды қолданатын хедж-қорлардың инвестициялық тартылымдығы[1]
Институционалдық инвесторлар портфеліндегі хедж-қорлардың орны
АҚШ қор нарығы 2024 жылды өте жақсы нәтижемен аяқтады. Атап айтқанда, S&P 500 шамамен 23% өссе, Nasdaq 100 индексі 29% ұлғайды. Алайда, 2024 жылдың желтоқсанында акциялардың бағасы инфляцияның қайта өсу мүмкінідігі болжамының үстем болуы мен пайыздық мөлшерлеменің төмендеу қарқынының бәсеңдеу ықтималдығының артуына байланысты төмендеді. Қарашадағы жалпы және негізгі жылдық инфляция (PCE) сәйкесінше 2.4% және 2.8% құрады.
Хедж-қорлар капиталды қорғау, нарықтан жоғары табыс көру (альфа) мен портфельді әртараптандыру мүмкіндігіне байланысты инвесторлар үшін тартымды. Жоғары инфляция мен құбылмалықтың өсу жағдайында олар нарық мүмкіндіктерін тиімді қолданса, көрсеткіштердің төмендеуі кезінде хедж-қорлар арбитражға сүйенеді. Қазіргі пандемиядан кейінгі жағдай, яғни пайыздық мөлшерлемелердің өсуі мен өтімділіктің төмендеу кезеңі, хедж-қорлардың икемділігі мен тәуекелді белсенді басқаруы арқасында оларға нарықтық ауытқулардан пайда табуға мүмкіндіктер ашуда. Бұл хедж-қорларды дәстүрлі активтердің сенімді жоғалтқан кезде маңызын арттырады.
2010-жылдары хедж-қорлар орталық банк саясатының тоғысуы нәтижесінде туындаған табыстылық пен әртараптандырудың төмендеуіне байланысты өз тартымдылығын жоғалтты. Алайда, 2022 жылы, яғни пайыздық мөлшерлемелердің өсуі басталғанда, жоғары инфляция салдарынан акция мен облигциялардың бір мезгілде құлдырауы олардың маңыздылығын өсірді. Хедж-қор стратегиялары, әсіресе макро[2] және трендке[3] негізделген стратегиялар, нарықтық айырмашылықтарды ұтымды пайдалану арқылы, өздерінің жоғарғы құбылмалық пен дәстүрлі активтермен корреляцияның артуы кезінде жоғары нәтиже көрсетті.
Хедж-қорларды үлеспұлдық инвестициялық қорлармен салыстыруға болады, өйткені екеуі де инвесторлар капиталын кәсіби түрде басқарып, әртараптандырылған портфельдік стратегияларды қолданады. Дегенмен, хедж-қорлар аз реттеліп, қызметі кәсіби инвесторларға бағытталған. Сонымен қатар, олар еселеп несие алу және қарызға алынған акцияларды сату арқылы күрделі стратегияларды қолданады. Бұл өз алдына оларға әртүрлі нарықтық жағдайларға икемді бейімделуге мүмкіндік береді.
Хедж-қорлардың 2024 жылғы нәтижелері
2024 жылдың 3-ші тоқсанының соңында әлемдік деңгейде хедж-қорлардың басқаруындағы активтер көлемі шамамен $4.88 трлн долларды құраса, оның шамамен 13.5% кешенді стратегияларды пайдаланатын хедж-қорларға тиесілі. Кешенді стратегияны қолданатын хедж-қорлардың басқаруындағы активтердің көлемін Швецияның экономикасымен (2023 жылы ЖІӨ: ~$600 млрд) салыстыруға болады.
Кешенді стратегияға сүйенетін хедж-қорлар 2024 жылы тұрақты және бәсекеге төтеп бере алатын нәтижелер көрсетіп, олардың құбылмалы нарықтық жағдайларға тиімді бейімделу қабілетін растады. Осы стратегиядағы хедж-қорлардың 2024 жылдың қыркүйегінде аяқталатын бес жылдық кезеңде 6.24% деңгейіндегі тәуекелмен жылдық 8.24% табыстылық әкелді. Бұл олардың теңгерімді тәсілі мен орташа тәуекел деңгейіндегі тұрақты табыстылығын көрсетеді.
Стратегиялар ауқымы мен сәтті хедж-қорлардың мысалдары
Кешенді хедж-қорлардың тәуекелді ескере саналған табыстылығы инвесторларды қызықтырады. Бұл, әсіресе, нарықтардың құбылмалығы артқан кезеңдерде маңызды. Қор нарықтарына тәуелділігі төмен болғандықтан, олар әртүрлі экономикалық жағдайларда тұрақты нәтижелер көрсетеді. Олардың басты артықшылықтары – капиталды тез арада үлестіру мүмкіндігі мен нарықтың өзгеруіне байланысты бейімделудегі икемділігі. Кешенді хедж-қорлар жалқы стратегиядан тұратын қорлармен салыстырғанда бірнеше бағыттағы стратегияларды біріктіріп, тәуекелді барынша азайтатын және тұрақты табыстылықты қамтамасыз ететін әртараптандырылған портфельден тұрады.
Бұл хедж-қорлар үш түрге бөлінеді. Динамикалық хедж-қорлар капиталды нарықтық мүмкіндіктерге қарай үлестірсе, маманданған хедж-қорлар тек санаулы стратегиялардың ауқымында жұмыс істейді. Әртараптандырылған хедж-қорлар бір құрылымның шеңберінде кең ауқымды бағыттарды біріктіреді. Инвестициялауда қолданатын тәсілдер макроэкономикалық стратегиялар мен кванттық модельдерден бастап акциялар, несиелік құралдар мен арбитражға дейін аумақты қамтиды. Бұл көп деңгейлі әдіс тәуекелдерді тиімді басқаруға және сыртқы факторларға қарамастан тұрақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сәтті хедж-қорлардың мысалдарына D.E.Shaw Composite және Millennium Partners қорларын жатқызуға болады. Сандық әдістер мен бір-бірімен корреляциясы жоқ стратегиялар арқылы әртараптандырылған, активтері $28 млрд құрайтын D.E.Shaw Composite хедж-қорының соңғы бес-жылдық кезеңіндегі орташа жылдық табыстылығы – 12.4%, ал активтері $72 млрд құрайтын Millennium Partners платформа үлгісінде жұмыс істеп, сол кезеңде 13% жылдық табыстылықты қамтамасыз етіп отырды.
Осылайша, кешенді хедж-қорлар – нарық жағдайына бейімделу, тәуекелдерді әртараптандыру және экономикалық тұрақсыздық жағдайында да жақсы нәтижелерді қамтамасыз ету мүмкіндігіне байланысты инвесторлар арасында ең үлкен сұранысқа ие құралдардың бірі.
Кешенді хедж-қор стратегияларына инвестициялаудағы шектеулер
Дегенмен, стратегияның жоғары сұранысы мен табыстылығына қарамастан, кешенді стратегияға сүйенетін хедж-қорлардың ескеруге міндетті бірқатар маңызды кемшіліктері де бар. Бірінші, стратегияның қымбат болуы. Менеджерлер, стандартты комиссиялардан басқа (басқару үшін 1-2% және әкелген табыс үшін 10-20%), инвесторларға операциялық шығындарды да төлеуді жүктейді («pass-through» комиссиясы). Бұл комиссияның бары хедж-қорлардың жалпы шығынын болжауды қиындатып, инвесторларға ақша ағындарын жоспарлауға ауыртпалық туғызады.
Екінші, операциялар ашықтығының төмен болуы. Платформалық модель негізінде жұмыс істейтін хедж-қорлар жеке менеджерлердің жұмыс нәтижесімен және қолданған стратегиялар жөніндегі егжей-тегжейлі ақпаратпен сирек бөліскендіктен, хедж-қордың жұмысын талдау қиын. Сонымен қатар, адам капиталы үшін бәсекелестік кадрлардың тұрақсыздығына, ал ол өз кезегінде қор жұмысының нашарлауына және оның табыстылығының төмендеуіне әкеледі. Сондай-ақ, жетекші хедж-қорлардың жабық болуын, және олардың жаңа инвесторлар үшін қолжетімсіз екенін атап өткен дұрыс. Өтімділіктің шектеулігін келесі мысал арқылы байқауға болады. Бір тоқсанда алуға рұқсат етілген ақшаға 30-90 күн бұрын тапсырыс беру қажеттілігін айтпағанда, сол қаржыны нарық құбылмалығы өскен ең керек уақытында шығару мүлдем қиын. Сонымен қатар, көп деңгейлі құрылымдардағы тәуекелдерді басқару күрделілігі операциялық шығындарды арттырып, сол бағыттағы мамандардан жоғарғы біліктілікті қажет етеді.
Түйіндей келе, кешенді стратегияларды қолданатын хедж-қорлар – жоғары шығындар мен тұрақты әртараптандырылған табыстылық арасындағы тиімділіктің тепе-теңдігін ұстай алатын ірі инвесторлардың қаржы құралы.
[1] Кешенді стратегиялық хедж-қорлар – бұл тұрақты табыстылықты қамтамасыз ету мақсатында және кез келген нарықтық жағдайларда тәуекелді басқару үшін сатып алу/қарызға алу, M&A арбитраж және макростратегиялар сияқты әртараптандырылған стратегияларды пайдаланатын хедж-қорлар.
[2] Макростратегияларды қолданатын хедж-қорлар инвестициялық шешімдерді қалыптастыру үшін пайыздық мөлшерлемелер, валюта курсы, геосаяси оқиғалар, инфляция және экономикалық өсу сияқты макроэкономикалық факторларды талдай отырып, жаһандық экономикалық, саяси және қаржылық үрдістерге назар аударады.
[3] Трендтік қорлар – бұл нарықтық үрдістерді қадағалау мақсатында алгоритмдер мен жүйелі тәсілдерге сүйеніп, бағаның өзгеруінен пайда табады. Олар фьючерстерді, опциондарды және басқа құралдарды пайдалана отырып, өсіп келе жатқан және құлдырайтын нарықтардан табыс көреді.