Ұлттық инвестициялық корпорация B20 USA 2026 аясында Вашингтонда халықаралық инвестициялық компаниялармен келіссөздер жүргізді

11.11.2026

 

 

Ұлттық инвестициялық корпорациясы Басқармасының төрағасы Серікжан Рысбеков Вашингтонда B20 USA 2026 саммиті аясында өткен Қазақстан – АҚШ дөңгелек үстеліне қатысты. «Стратегиялық әріптестіктен нақты іскерлік қадамдарға» (From Strategic Partnership to Commercial Action) тақырыбындағы жиында екі елдің сауда және инвестиция саласындағы байланысын нығайту мәселелері қаралды.

 

АҚШ Сауда палатасы мен АҚШ – Қазақстан іскерлік кеңесі ұйымдастырған жиында Қазақстан экономикасының нақты секторына ұзақ мерзімді капитал тарту және капитал нарығын дамыту мәселелері қаралды. Екі елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері қаржы технологиялары, көлік пен логистика, энергетика және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады.

 

Іс-шара аясында Қазақстан Ұлттық Банкі мен Корпорация басшылығы J.P. Morgan Asset Management, Brookfield Asset Management Ltd., Golub Capital, Carlyle және KKR компанияларының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Басқарушы компаниялардың өкілдеріне Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы ақпарат беріліп, Alatau City жобасы таныстырылды.

 

J.P. Morgan Asset Management өкілдерімен кездесуде тараптар жаһандық экономикалық және геосаяси ахуал жөнінде пікір алмасып, оның инфрақұрылымға салынатын инвестицияларға ықпалын талқылады. Сондай-ақ тараптар өзара серіктестікті одан әрі кеңейту ниетін білдірді.

 

Brookfield Asset Management Ltd. компаниясымен Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды. Тараптар электр энергиясына сұраныстың өсуі мен цифрлық инфрақұрылымның дамуы инвестицияға қандай мүмкіндік ашатыны жөнінде пікір алмасты.

 

Golub Capital-мен жеке кредиттеу саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері қаралды. Сондай-ақ Корпорация, Golub Capital және Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің бірлескен білім беру бастамасы талқыланды. Golub Capital Жоғары бизнес мектебінің Executive MBA бағдарламасы аясында жаңа оқу курсын іске қосуға қолдау көрсету ниетін білдірді.

 

Carlyle компаниясымен келіссөздердің негізгі тақырыбы АҚШ-тың жылжымайтын мүлік нарығының келешегі болды. Тараптар тұрғын үй мен өнеркәсіптік жылжымайтын мүлікке инвестиция салу және аталған активтерді басқару тәжірибесімен алмасу мүмкіндіктерін қарастырды.

 

KKR компаниясымен талқылаудың өзегінде инфрақұрылымға сұранысты айқындайтын ұзақ мерзімді үрдістер болды. Олардың қатарында электрлендіру, деректерді өңдеу орталықтарын дамыту және жеткізу тізбектерін қайта құру бар.

 

Халықаралық басқарушы компаниялармен әріптестік Корпорацияның инвестициялық портфельдерін әртараптандыруға, әлемдік нарықтағы инвестиция мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға және мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға жол ашады.

Артқа
Қазақстан, Астана қ.,
Z05T8F6, Мəңгілік Ел даңғылы, 57А
© 2012-2026 NIC NBK.