Ұлттық инвестициялық корпорация IFSWF-тің 2026 жылғы жиынында Қазақстанның крипторезерв қалыптастыру тәжірибесін таныстырды

21.11.2026

 

 

Ұлттық инвестициялық корпорацияның Басқарма төрағасы Серікжан Рысбеков 2026 жылғы 11–13 қарашада Афинада өткен дербес қорлардың халықаралық форумының (International Forum of Sovereign Wealth Funds, IFSWF) 18-ші жыл сайынғы жиынына қатысты.

 

Грекияның даму қоры (Hellenic Growth Fund) ұйымдастырған жиын «Геосаяси бәсеке жағдайындағы мемлекеттік инвестициялық капитал» тақырыбында өтті. Қатысушылар геосаяси және технологиялық өзгерістердің ұзақмерзімді инвестициялық шешімдерге қалай әсер ететінін және осындай жағдайда қорлардың инвестициялық портфельдерін қалай орнықты ұстауға болатынын талқылады.

 

Корпорация басшысы «Цифрлық активтер және токендеу» панельдік сессиясында сөз сөйледі. Онда цифрлық активтер нарығының дамуы мен оның мемлекеттік капиталды басқаратын инвесторлар үшін маңызы талқыланды. Серікжан Рысбеков өз сөзінде Қазақстанның Ұлттық стратегиялық крипторезервті қалыптастыру тәжірибесімен бөлісті.

 

Басқарма төрағасы крипторезерв құру Қазақстандағы цифрлық активтер экожүйесін дамытуға бағытталған шаралардың бірі екенін атап өтті. Корпорация іске асырып жатқан крипторезервтің инвестициялық бағдарламасының мақсаты – мемлекеттік активтерді әртараптандыру және Қазақстанда цифрлық активтерге ұзақ мерзімге инвестиция салуға қажетті кәсіби құзыреттерді дамыту.

 

«Цифрлық активтер дәстүрлі қаржы жүйесіне енген сайын бұл нарыққа инвестиция салу мәселесі мемлекеттік капиталды басқаратын инвесторлар үшін өзекті бола түсуде. Инвестициялық мүмкіндіктердің аясы кең: криптоактивтер мен сауда стратегияларынан бастап, нарықтың жұмысын қамтамасыз ететін компаниялар мен инфрақұрылымға дейін қамтиды. Ендігі мақсат – капиталды қай бағытқа жұмсау және мұндай салымдарды институционалдық портфельде қалай құрылымдау қажеттігін айқындау», деді Серікжан Рысбеков.

 

Сондай-ақ, ол стейблкоиндерді төлем құралы ретінде қолдану мен нақты активтерді токендеуді нарықтың перспективалы бағыттары ретінде атап өтті.

 

Форум аясында Корпорация делегациясы  дербес қорлардың басшылығымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Тараптар жеке нарықтарға инвестиция салу тәжірибесімен бөлісіп, инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпарат алмасу мен жобаларға бірлесіп қаржы салу жолдарын талқылады. Кездесулерде климаттық тәуекелдерді бағалау және инвестициялық талдауда жасанды интеллектіні қолдану мәселелері де қаралды. Сонымен қатар Корпорация басшысы, Ашық инвестициялық әріптестік бағдарламасының барысы туралы айтып, Орталық Азия мен Кавказдағы жобаларға инвестиция салу мүмкіндіктеріне тоқталды.

Артқа
Қазақстан, Астана қ.,
Z05T8F6, Мəңгілік Ел даңғылы, 57А
© 2012-2026 NIC NBK.